You are here

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Жаркент жерінде

07.12.2016, 14:25   606

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында 1-ші қарашада Астана қаласынан бастау алып, еліміздің өңірлеріне сапарға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы 5-ші желтоқсан күні Алматы облысы Панфилов ауданындағы Алтынкөл бекетіне келіп жетті.

Аудан жұртшылығы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік мекемелер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері құрметті қонақтарды ұлттық дәстүрімізге сай, ақынның арнау жырымен, әжелердің шашуымен қуанышпен түрде қарсы алды. Арнайы безендірілген алаңда өткізілген салтанатты митингті аудан әкімі Б.Абдулдаев ашты. Өз сөзінде ол Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында жеткен жетістіктер мен мемлекеттік бағдарламаларға тоқталып, акцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Тәуелсіз Қазақстан» поезының штаб басшысы, белгілі ғалым Ә.Әлпейісов акцияның негізгі мақсаты, жазиралы Жаркент жерінің, Алтынкөл бекетінің бүгінгі келбетін, жеткен жетістіктерін ерекше әсермен жеткізді. Ал еңбегімен ер атанған ел анасы Күләш Айтжанова келген қонақтарға ел-жұрт атынан ыстық ықыласын білдіріп, бүгінгі әлемге танылған Қазақ елінің Елбасының сарабдал саясатының арқасында ширек ғасырлық қысқа мерзім ішінде толағай табыстарға жеткендігіне аналық алғысын білдіріп, Алтынкөл еліміздегі алтын көпір болсын деп ақ батасын берді. Жергілікті халықтың ішінен бауырлас ұйғыр-қазақ атынан Рахимжан Тохтахунов елімізде салтанат құрған береке бірлікке, ұлтаралық татулыққа толы жалынды сөзін арнады. Салтанатты митингке 400-ге жуық адам қатысты.

Нұркент орта мектебінің акт залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ.Тұрсынбайдың төрағалығымен поезд құрамы халықпен кездесу жиынын өткізді. Жиынға 200 адам қатысты.

Теміржолшыларға арнайы салынған Нұркент қалашығында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан поезы» акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» партиясы, мәдениет және спорт, ғылым және білім, әділет, ұлттық экономика, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ақпарат және коммуникация, ауыл шаруашылығы, ішкі істер министрлігі, ғылыми және шығармашылық  зиялы қауым өкілдері жергілікті тұрғындармен қоғамдық қабылдаулар жүргізді.

Жалпыреспубликалық акцияға 1000-нан астам адам қатысты.

Денсаулық сақтау саласы бойынша Пенжім ауылдық ауруханасында 327 адам тексеріліп, түрлі тиімді кеңестер берілді. Пенжім ауылдық  орта мектебінде білім беру мәселелері бойынша 50 адам кеңес алды. Мұндағы басты мәселелер үш тұғырлы тіл, бала асырап алу, 12 жылдық білім, Ұлттық бірыңғай тестілеудегі өзгерістер болды.

Ауыл шаруашылығы, өз кәсібін ашу, бизнес, кәсіпкерлікке несие алу жолдары бойынша туындаған сұрақтарға округ әкімдігі  ғимаратында 32  адам көкейлеріндегі сауалдарына толық жауаптар алды. Әлеуметтік мәселелер толғандырған 14 адам зейнеткерлікке шығу, көп балалы және толық емес отбасыларға жәрдемақы алу туралы кеңестерге жүгінді.

Құқық қорғау мәселелері мен Мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған кеңес бойынша 10 адам келді. «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалының қабылдауына да 17 адам келіп, барлық мәселелері оң шешімін тапты.

Республикалық акция аясындағы қабылдауларға жалпы 450 адам келді.

Алтынкөлде жұмысын аяқтап, сапарын жалғастырған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Талдықорған қаласына аттанды.

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15